1. Әлемнің жаратылуы
Әуел баста жер қалай жаратылды? Алты күннің ішінде Құдай бүкіл әлемді және ондағы барлығын жаратты. Бірінші күні Құдай жерді жаратты. Жер ретсіз, тіршіліксіз бос жатты, өйткені Құдай әлі еш нәрсе жаратпаған еді. Ал Құдайдың Рухы су бетінде қалықтап ұшып жүрді.
Сонда Құдай: «Жарық пайда болсын!» — деді. Солай жарық пайда болды. Құдай жарыққа қарап, оның жақсы екенін көрді, оны «күн» деп атады. Ол жарықты қара түнектен бөліп, жарықты күн, ал қара түнекті түн деп атады. Жаратылыстың бірінші күні Құдай жер мен жарықты жаратты.
Екініші күні Құдай: «Әуе кеңістігі пайда болсын!» — деді. Солай әуе кеңістігі пайда болды. Құдай оны «аспан» деп атады.
Үшінші күні Құдай: «Су бір жерге жиналып, құрлық көрініп тұратын болсын!» — деді. Ол құрлықты «жер», ал суды «теңіз» деп атады. Құдай жаратқандарына қарап, жақсы екенін көрді.
Содан кейін Құдай: «Жер әртүрлі өсімдіктер мен ағаштарды өсіріп шығарсын!» — деді. Солай болды да. Құдай жасағандарына қарап, жақсы екенін көрді.
Төртінші күні Құдай: «Жарық көздері пайда болсын!» — деп бұйырды. Осылайша аспанда күн, ай және жұлдыздар пайда болды. Құдай оларды жер бетіне жарық нұрын шашу үшін және олар арқылы күн мен түнді ажыратып, жылдар мен жыл мезгілдерін анықтау үшін жаратты. Құдай Өзінің жаратқандарының бәріне қарап, жақсы екенін көрді.
Бесінші күні Құдай: «Су тірі жәндіктерге толсын және аспанда құстар ұшып жүрсін!» — деп бұйырды. Осылай Құдай су жәндіктері мен барлық құстарды жаратты. Құдай осының бәріне қарап жақсы екенін көрді де, оларға оң батасын берді.
Алтыншы күні Құдай: «Жер әртүрлі жануарларды шығарсын!» — деді. Бәрі Ол айтқандай болды. Жануарлардың ішінде малдар, аңдар және бауырымен жорғалаушылар болды. Құдай жасағандарына қарап, жақсы екенін көрді.
Содан кейін Құдай былай деді: «Біз рухани жағынан Өзімізге ұқсас әрі бейнелес етіп адамды жаратайық. Олар жер мен жанураларға ие болып күтіп бағатын болады».
Құдай жердегі топырақтан адамды калыптастырып жасап, тіршілік лебін үрледі. Оған Адам деген ат береді. Құдай пейіш бағын орнатып, оны күтіп бағу үшін Адамды сол жерге орналастырды.
Құдай бақтың ортасында мәңгілік өмір сыйлатын және жақсылық пен жамандықты танытатын екі ерекше ағаш отырғызды. Сөйтіп Құдай Адамға жамандық пен жақсылықты танытатын ағаштың жемісінен басқа кез келген ағаштың жемісін жеуге болатынын айтты. «Егер сол ағаштың жемісін жесең, өлесің!» – деп ескертті.
Содан кейін Құдай Адамның жалғыз болғаны жақсы емес, Мен оған көмекші жасап берейін деп шешті. Құдай Адамға барлық жануарларды әкелді, ал ол оларға ат қойды. Бірақ олардың арасынан Адамға сай көмекші табылмады.
Сонда Құдай Адамды терең ұйқыға батырып, оның бір қабырғасынан әйелді жаратты. Сөйтіп оны Адамның алдына алып келді.
Адам оны көргенде: «Бәрекелді, ол маған ұқсас екен! Аты әйел болсын, себебі ол еркектің қабырғасынан жаратылған!» — деді. Сондықтан еркек әке-шешесін тастап, әйеліне қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады.
Осылайша Құдай еркек пен әйелді Өзіне ұқсас қылып жаратты. Сөйтіп оларға оң батасын беріп: «Өсіп-өніп көбейіңдер! Ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар!» — деді. Құдай Өзінің жаратқандарына қарап жақсы екенін көріп, қанағаттанды. Бұның бәрі алтыншы күні болды.
Құдай жүргізген жарату жұмысының бәрін жетінші күні аяқтады. Ол жетінші күнге оң батасын беріп, оны қасиетті күн деп белгіледі. Себебі бұл күні жарату жұмыстарын бітірген еді. Осылайша әлем мен ондағы барлық нәрселер жаратылды.
Жаратылыстың басталуы 1-2 - тарауларынан алынған Киелі кітап әңгімесі