11. Құтқарылу мейрамы
Құдай Мұса мен Һаронды перғауынның алдына қайта жіберіп, одан Исраил халқын босатуды талап етті. Егер перғауын Исраил халқын жібермесе, онда Құдай мысырлықтардың тұңғыш ұлдары мен малдарының тұңғыш төлдерін өлтіретінін ескертті. Бірақ перғауын мұны естісе де, Құдайға сенуден және мойынсұнудан бас тартты.
Мысыр елін ауыр жаза күтіп тұрды. Бірақ Құдай Исраил елінің тұңғыш ұлдарына құтқарылу жолын дайындап қойған еді. Әр отбасы мінсіз тоқтыны таңдап, оны құрбандыққа шалулары тиіс болатын.
Құдай исраилдіктерге сол тоқтының қанын үйлерінің есік жақтаулары мен маңдайшаларына жағуды және тоқтының етін отқа қақтап, ашытқысыз пісірілген нанмен тезірек жеуді бұйырды. Сонымен қатар Құдай оларға, ет пен нанды жеп болған соң, Мысырдан шығуға дайын болу керектігін айтты.
Исраилдіктер Құдайдың айтқанын бұлжытпай орындады. Түн ортасында Құдай бүкіл Мысыр елін аралап, әрбір тұңғыш ұлды өлтірді.
Исраилдіктердің үйлерінің есік жақтаулары мен маңдайшаларына қан жағылған еді, Құдай сол үйлердің қасынан өтіп кетеді. Осы үйлердің ішіндегі адамдар аман қалды. Олар тоқтының қаны арқылы құтқарылды.
Перғауын Құдайға сенбеді және Оған мойынсұнбады, сондықтан Құдай бүкіл Мысыр елін жазалады. Ол әр мысырлықтың тұңғыш ұлын өлтірді.
Мысырлықтардың әрбір тұңғыш ұлы: түрмеде отырған тұтқынның тұңғышынан бастап, перғауынның тұңғышына дейін өлді. Бүкіл Мысыр еліндегі адамдар қайғыдан зар еңіреп жылады.
Сол түні перғауын Мұса мен Һаронды шақырып алып: «Бүкіл Исраил халқын жинаңдар да, Мысыр жерінен дереу кетіңдер!» — деді. Мысырлықтар да исраилдіктердің дереу кетуін талап етті.
Мысырдан шығу 11:1-12:32 - тарауларынан алынған Киелі кітап әңгімелері