12. Мысырдан шығу
Исраилдіктер Мысыр елінен шыққандарына қатты қуанды. Мысырлықтар оларға сұрағандарының бәрін, тіпті алтын, күміс пен бағалы заттарын да берді. Исраилдіктер Мысырдан шыққан кезде, кейбір басқа ұлт адамдары Құдайға сеніп, оларға еріп шықты.
Құдай әрқашан олармен бірге болып, жүретін жолдарын көрсетіп отырды. Ал халық Оның соңынан еруге тиіс болды. Құдай исраилдіктердің алдында күндіз бұлт бағанасы ретінде, түнде от бағанасы ретінде жүріп отырды.
Бірнеше күннен кейін перғауын мен оның халқы исраилдіктерді жібергендеріне өкініп, оларды қайтадан құлдыққа салғылары келді. Сөйтіп олар исраилдіктердің соңынан қуды. Бұның бәрін Құдай Өзінің перғауыннан және Мысырдың жалған құдайларынан мықты Жаратқан Ие екенін көрсету үшін осылай істеді.
Исраилдіктер Мысыр әскерінің қуып келе жатқанын көргенде, перғауынның әскері мен Қызыл теңіздің арасында қамалып қалғанын түсінді. Олар қатты қорқып, Мұсаға: «Бізге айдалада өлгеннен гөрі мысырлықтарға құл болғанымыз жақсы еді ғой!» — деп күңкілдеді.
Ал Мұса халыққа жауап беріп: «Қорықпаңдар! Бүгін Құдайдың Өзі сендер үшін шайқасып, өздеріңді құтқарады!» — деді. Құдай Мұсаға сөзін жалғастырып былай деп бұйырды: «Халық Қызыл теңізге қарай жылжи берсін».
Сол уақытта күні бойы исраилдіктерді жетелеп келе жатқан бағана тәрізді бұлт көштің алдыңғы жағынан артына қарай ығысып, мысырлықтар мен олардың ортасына барып тұрды. Бұлт мысырлықтар жағына қараңғылық орнатып, исраилдік жақта түнді жарық қылып тұрды. Осылай Мысыр әскері исраилдіктерге түні бойы жақындай алмады.
Сол кезде Құдай Мұсаға: «Теңіздің үстіне қарай қолыңды соз!» —деп бұйырады. Мұса қолын созғанда, Құдай қатты жел тұрғызып, теңіздің суын қақ айырады. Осылайша теңіз арқылы жол пайда болады.
Исраил халқы құрғақ жермен теңіз ортасынан өте шықты, су оларды оң мен солынан қабырға іспетті қоршап тұрды.
Мысырлықтар исраилдіктердің қашып бара жатқандарын көріп, арттарынан қуа жөнелді.
Олар исраилдіктердің ізімен теңіздің ортасына дейін барды. Жаратқан Ие мысырлықтардың үрейлерін ұшырып, берекелерін кетірді. Күймелері балшыққа батып, олар: «Қашып құтылайық! Жаратқан Иенің Өзі исраилдіктер үшін шайқасып жатыр!» — деп айқайлады.
Исраилдіктердің бәрі теңіздің арғы бетіне өтіп болғаннан кейін Құдай Мұсаға: «Қолыңды тағы теңізге қарай соз!» — деп бұйырды. Мұса солай істеді. Сонда су өз орнына келіп, бүкіл мысырлықтар судың астында қалды. Осылай бүкіл Мысыр әскері суға батып кетті.
Исраилдіктер мысырлықтардың түгел қырылып қалғанын көргенде Құдайға сеніп, Мұсаның — Құдайдың пайғамбары екеніне көздері жетті.
Исраилдіктер өздерін өлім мен құлдықтан құтқарған Құдайдың алдында қуанып шаттанды. Енді олар Құдайға мойынсұнып, Оған еркін қызмет ете алатын болды! Бостандыққа ие болған исраилдіктер шаттанып, мысырлықтардың әскерінен құтқарған Жаратқан Иені мадақтап ән шырқады.
Құдай исраилдіктерге мысырлықтардың құлдығынан құтылған осы күнді еске алу үшін жыл сайын тойлауды бұйырды. Бұл күнді Құтқарылу мейрамы деп атады. Құтқарылу мейрамында исраилдіктер құрбандыққа мінсіз тоқтыны шалып, оны ашытқысыз пісірілген нанмен жейтін.
Мысырдан шығу 12:33-15:21 - тарауларынан алынған Киелі кітап әңгімелері