7. Құдайдың Жақыпқа берген батасы
Балалар ер жетті. Есау аң аулауды, ал Жақып үйдің маңайында жүруді ұнататын. Ысқақ Есауды жақсы көрсе, Жақып Рабиғаның сүйіктісі болды.
Бір күні Есау аң аулап, үйге қарны ашып келді. Ол Жақыпқа: «Маған пісіріп жатқан тамағыңнан берші», — деп өтінді. Жақып оған: «Сен алдымен маған өзіңнің тұңғыштық жолыңды беремін деп уәде бер», — деді. Есау Жақыпқа тұңғыштық жолын беруге келісті. Сонда Жақып оған пісірген тамағын ұсынды.
Ысқақ батасын Есауға бергісі келді, бірақ Рабиға мен Жақып оны алдап, батасын Жақыпқа бергізді. Жақып әкесіне Есау болғансып келді. Ол Есаудың киімін киіп, мойны мен қолын лақтың терісімен орап алды. Ысқақ қартайып көзі көрмегендіктен алданып қалды.
Жақып Ысқаққа келіп былай деді: «Мен Есаумын, батаңызды алуға келдім». Сонда Ысқақ лақтың терісін сипалап, киімінен Есаудың иісін сезеді де, алдына келіп тұрған Есау екен деп, Жақыпқа батасын берді.
Жақып Есауға тиісті батаны алдап алып қойғаны үшін ол Жақыпты жек көре бастады. Сондықтан Ысқақ дүниеден қайтқаннан кейін, Есау Жақыптың көзін құртуды ұйғарды.
Есаудың ойын біліп қалған Рабиға мен Ысқақ Жақыпты өзінің алыс жерде тұратын туған-туыстарына жіберді.
Жақып сол жерде көп жыл тұрды. Осы уақыт ішінде ол үйленіп, он бір ұл және бір қыз сүйді. Құдай оған үлкен байлық сыйлады.
Туған үйінен алыс жерде жиырма жыл тұрғаннан кейін Жақып отбасымен бірге, құлдары мен бар мал-мүлкін алып, Қанахан еліне қайтуға шешім қабылдайды.
Есау мені әлі де өлтіргісі келеді деп ойлап, Жақып одан қатты қорықты. Сондықтан ол Есауға сый ретінде малдарынан бірнеше табын жіберді. Қызметшілер малдарды Есауға алып келіп: «Құлыңыз Жақып мына малдарды сізге сый ретінде беріп жіберді. Ал өзі жақын арада келеді», — деді.
Алайда Есау Жақыпты өлтіремін деген райынан қайтқан еді. Керісінше, ол оны тағы да көре алатынына қатты қуанды. Татуласқаннан кейін олар Қанахан жерінде бірге тұрып жатты. Әкелері Ысқақ қайтыс болғанда, Жақып пен Есау оны жер қойнына тапсырды. Құдайдың Ыбырайыммен келісім жасап, берген уәделері енді Ысқақ арқылы Жақыпқа өтті.
Жаратылыстың басталуы 25:27-33:20 тарауларынан алынған Киелі кітап әңгімелері