30. Исаның бес мың адамды тамақтандыруы
Иса Өзінің елшілерін Құдай Патшалығы туралы уағыздап, тәлім беру үшін, көптеген ауылдарға жіберген еді. Олар Исаның қасына жиналғаннан кейін өздерінің не істегендерін толықтай айтып берді. Иса оларға кішкене тынығып алу үшін көлдің арғы бетіне жүзіп баруды ұсынды. Олар қайыққа мініп көлдің арғы бетіне жүзіп кетті.
Көптеген адамдар Исаның шәкірттерімен бірге қайықпен жүзіп кеткенін көрді. Осы адамдар арғы бетке Исадан бұрын жету үшін көлдің жағасымен жүгіріп кетті. Сондықтан Иса шәкірттерімен бірге арғы бетке жеткенде оларды қарақұрым халық күтіп отырды.
Сол тобырдың ішінде әйелдер мен балаларды есептемегенде бес мыңнан астам ер адам болды. Иса халыққа қарап жаны ашыды. Иса үшін олар бағушысы жоқ қойлар сияқты болды. Сондықтан Иса оларға көп тәлім беріп, араларындағы ауруларды сауықтырды.
Кешке қарай шәкірттері Исаға: «Кеш батып барады. Адамдарды таратып жіберіңіз, олар жақын жердегі ауылдарға барып, өздеріне тамақ сатып алсын!» — деді.
Бірақ Иса шәкірттеріне: «Оларға тамақты сендер беріңдер!» — деді. Сонда шәкірттері: «Мұны қалай істей аламыз? Бізде тек бес күлше нан мен кішкентай екі балық қана бар», — дейді.
Сонда Иса Өзінің шәкірттеріне халықты көгалға елу адамнан отырғызуды тапсырады.
Содан кейін Иса бес күлше нан мен екі балықты қолына алып, көкке қарап Құдайға ас үшін шүкіршілік етті.
Иса нан мен балықтарды үзіп, шәкірттеріне бере берді, ал олар адамдарға үлестірді. Шәкірттері үлестіріп жатса да тамақ таусылмады! Тамақ барлығына жетіп, адамдар тойғандарынша жеді, тіпті артылып та қалды.
Содан кейін шәкірттері қалған нан үзімдері мен балықтарды жинап алғанда, он екі себет толды. Осы тамақтың бәрі Құдайдың ғажабымен бес күлше нан мен екі балықтан пайда болды.
Матай 14:13-21, Марқа 6:31-44, Лұқа 9:10-17 және Жохан 6:5-15 үзінділерінен алынған Киелі кітап әңгімелері