10. Он апат
Мысыр елінің патшасы Исраил халқын бостандыққа жіберуден бас тартатынын Құдай Мұсаға алдын ала ескерткен болатын. Мұса мен Һарон перғауынның алдына барып: «Исраилдің Құдайы саған былай дейді: Менің халқымды жібер!» Бірақ перғауын оларды тыңдамады. Ол исраилдіктерді бостандыққа жібермей, керісінше оларды одан да көп жұмыс істеуге мәжбүрледі.
Мұса мен Һарон перғауынның алдына бірнеше рет барды, бірақ перғауын әрдайым халықты жіберуден бас тартты. Сонда Құдай Мысыр еліне он ауыр апат жіберді. Осы апаттармен перғауынды жазалау арқылы Құдай Өзінің перғауыннан және Мысырдың жалған құдайларынан құдіретті екенін көрсетті.
Бірінші апат ретінде Құдай Ніл өзенінің суын қанға айналдырды. Бірақ перғауын исраилдіктерді сонда да жібермеді.
Содан кейін Құдай Мысыр еліне бақаларды қаптатып жіберді. Перғауын Мұсадан Мысыр халқын бақалардан құтқаруын өтінді. Бірақ Мұса Құдайға сиынғандықтан бақалар қырылып қалса да, перғауын жүрегін қасарыстырып, Исраил халқын Мысырдан жібергісі келмеді.
Сондықтан Құдай масаларды қаптатып, Мысырды жазалады. Бірақ перғауын қасарысуын тоқтатпады. Кейін Құдай Мысыр еліне шыбын-шіркейлерді быжынатып жіберді. Сол кезде перғауын Мұса мен Һаронды шақырып алып: «Егер бізді осы апаттан құтқарсаңдар мен исраилдіктерді бостамын!» — деді. Мұса сиынғаннан кейін Құдай Мысыр елін шыбын-шіркейлерден арылтты. Дегенмен перғауын қайтадан жүрегін қасарыстырып Исраил халқын жібермей қойды.
Сол уақытта Құдай мысырлықтардың малдары жаппай қырылатын індет жіберді. Перғауын тағы жүрегін қасарыстырып, исраилдіктерді жібермеді.
Содан кейін Құдай Мұсаға перғауынның алдына барып, аспанға күл шашсын деп бұйырды. Мұса осылай істенгенде, мысырлықтардың денелерінде іріңді жаралар пайда болды, ал исраилдіктер аман қалды. Құдай перғауынның жүрегін қасарыстырып қойғандықтан, ол Исраил халқын тағы да жібермей қойды.
Содан кейін Құдай Мысыр еліне бұршақ жаудырды. Сонда елдегі өнімнің басым бөлігі жойылып, далада жүрген адамдар мен малдардың бәрі қырылып қалды. Перғауын Мұса мен Һаронды шақыртып алып: «Мен күнә жасадым. Құдайға дұға етіп бұршақты тоқтатсаңдар, мен сендерді жіберемін», — деді. Мұса дұға еткеннен кейін бұршақ жаууын тоқтатты.
Бірақ перғауын тағы да күнә жасап жүрегін қасарыстырды. Ол Исраил халқын жібермей қойды.
Сонда Құдай Мысыр жеріне шегіртке қаптатты. Олар бұршақтан аман қалған егістіктің барлығын жалмап тастады.
Содан соң Құдай Мысыр еліне қара түнек орнатты. Ол үш күнге созылды. Бүкіл Мысыр жерін қараңғылық басқаны соншалық, олар үйлерінен шыға алмай қалды. Ал исраилдіктер тұратын аймақта жарық болды.
Тоғыз апаттан кейін де перғауын қасарысып исраилдіктерді Мысырдан жібергісі келмеді. Перғауын Құдайға құлақ аспағандықтан, Құдай оларға тағы бір апат жіберуді ұйғарды. Осы апаттан кейін перғауын Исраил халқын босатуға мәжбүр болады.
Мыс.шығу 5-10-тарауларынан алынған Киелі кітап әңгімелері