35. Адасып, қайта оралған ұл туралы астарлы әңгіме
Бір күні Иса Өзін тыңдауға жиналған халыққа тәлім беріп отырды. Олардың арасында Мұсаның заңын орындамағандықтан күнәкар деп саналатын салықшылар мен өзге де адамдар бар еді.
Парызшылдар мен дін мұғалімдері Исаның олармен дос сияқты сөйлескенін көрді. Сонда олар бір-біріне: «Мына кісі дұрыс істеп жатқан жоқ. Ол күнәкарлармен қарым-қатынас жасап, солармен тіпті дастарқандас болып жүр!» — деп күңкілдесті. Сонда Иса олардың айтқандарын естіп, мына әңгімені айтып берді:
«Біреудің екі ұлы болыпты. Бір күні кенже ұлы әкесіне: «Әке, маған тиісті еншімді дәл қазір бөліп беріңізші!» — дейді. Сонда әкесі ұлдарына мал-мүлкін бөліп береді.
Көп уақыт өтпей кіші ұл бар еншісін жинап алып, алыс бір елге кетеді. Сол жерде ол азғындық жолға түсіп, бар ақшасын ысырап қылады.
Көп ұзамай сол елде қатты ашаршылық болып, оның тіпті тамақ алатын ақшасы да қалмады. Сондықтан ол шошқа бағуға жалданды. Ол бұдан басқа жұмыс таба алмады. Оның аш болғаны сонша, тіпті шошқаның жемін жесем деп аңсайтын, бірақ оған соны да бермепті.
Ақырында кенже ұлы ішінен былай дейді: «Мен не істеп жүрмін? Әкемнің көп қызметшісі бар, олардың қарындары тоқ, ал мен болсам мұнда аштан өлетін болдым. Әкеме қайтып барып, оның қызметшісі болуға сұранайын».
Сөйтіп кенже ұлы әкесінің үйіне қарай жолға шығады. Ол әлі алыста келе жатқанда, әкесі оны көріп аяп кетеді. Баласының алдынан жүгіріп шығады, оны құшақтап, бетінен сүйеді.
Сонда ұлы: «Әке, мен Құдайға және сізге қарсы күнә жасадым. Енді сіздің ұлыңызбын деп аталуға лайықты емеспін», — дейді.
Бірақ әкесі қызметшілерінің біреуіне былай деді: «Тезірек ең жақсы шапанды әкеліп, балама жабыңдар! Қолына мөрлі жүзік, аяғына кебіс кигізіңдер. Содан кейін бордақыланған өгізшені сойыңдар. Көңіл көтеріп тойлайық, өйткені менің ұлым өлген еді — тірілді, жоғалған еді — табылды».
Сөйтіп олар тойлай бастады. Көп ұзамай егіндікте жұмыс істеп жүрген үлкен ұлы үйге келеді. Қуана ән салып, билеп жатқан адамдардың дауыстарын естіген ол қызметшілердің біреуін шақырып алып, не болып жатқанын сұрайды.
Үлкен ұлы інісінің оралғанына орай той болып жатқанын естіп, қатты ашуланып, үйге кіргісі келмейді. Әкесінің өзі шығып оны бірге тойлауға шақырды, бірақ үлкен ұлы ренжіп кірмей қояды.
Үлкен ұлы былай дейді: «Мен сізге көп жыл бойы адал қызмет етіп келдім. Әрқашан айтқаныңызды орындап келдім, бірақ достарыммен көңіл көтеру үшін сіз маған тіпті кішкентай лақ та бермедіңіз. Ал мына балаңыз болса азғындық жолға салынып, ақшаңызды ысырап қылды. Қайтып келгенде сіз оған бола бордақыланған өгізшені сойып, той жасап жатырсыз!»
Сонда әкесі былай жауап берді: «Балам, сен әрқашан менімен біргесің, мендегі дүниенің барлығы сенікі ғой. Той жасап жатқанымыз дұрыс деп ойлаймын. Өйткені інің өлген еді — тірілді, жоғалған еді — табылды!»
Лұқа жазған ізгі хабар 15:11-32 үзіндісінен алынған Киелі кітап әңгімесі