29. Мейірімсіз қызметші туралы әңгіме
Бір күні Петір Исадан: «Ұстаз, егер бауырласым маған қарсы күнә жасай берсе, оны неше рет кешіруім керек? Жеті ретке дейін бе?» — деп сұрады. Иса: «Жеті рет емес, жеті қайтара жетпіс ретке дейін», — деп жауап берді. Мұнымен Иса әрдайым кешіру керектігі туралы айтқысы келді. Кейін Иса мына әңгімені айтып берді:
«Құдай Патшалығындағы жағдай мынаған ұқсас: Бір патша қызметкерлерінен есеп алмақшы болады. Сонда бір қызметкер екі жүз мың жылдық жалақыға қарыз екен.
Қызметкер бұл қарызын төлей алмайтын болғандықтан, патша оның өзін де, отбасын да құлдыққа сатып, түскен ақшамен қарызын өтеуге бұйырады.
Сонда қызметкер патшаның аяғына жығылып: «Өтінемін, сәл күте тұрыңызшы, қарызымның бәрін төлеймін», — деп жалбарынады. Қызметкеріне жаны ашыған патша оның бүкіл қарызын кешіріп, босатып жібереді.
Қызметкер далаға шыққанда, оған қарыз болған қызметтес жолдасын кездестіреді. Оның қарызы төрт айлық жалақыға тең болатын. Қызметкер оны ұстап алып: «Маған қарызыңды дәл қазір қайтар!» — деп талап етеді.
Қарыздар жолдасы аяғына жығылып: «Маған сәл уақыт бере гөр, қарызымның бәрін қайтарамын», — деп жалынады. Бірақ қызметкер оны қарызын төлегенше түрмеге жапқызады.
Болған оқиғаны көрген басқа қызметшілер қатты наразыланды. Олар патшаға барып, болған оқиғаның бәрін айтып береді.
Сонда патша әлгі қызметкерді шақырып алып: «Әй, зұлым қызметші! Сен менен өтінгендіктен, мен сенің қарызыңды кешірдім емес пе? Ендеше сен де солай істеуің керек еді!» - деді. Сөйтіп қаһарланған патша қызметкерді қарызын толық өтегенше түрмеге жапқызады»
Иса сөзін былай деп қорытындылады: «Егер сендер бауырластарыңды шын жүректен кешірмесеңдер, Көктегі Әкем де әрқайсыларыңмен солай істемек».
Матай 18:21-35 үзіндісінен алынған Киелі кітап әңгімесі