36. Исаның нұрлы салтанатпен көрінуі
Бір күні Иса дұға ету үшін биік тауға көтерілді. Ол Өзімен бірге үш шәкіртін: Петір, Жақып және Жоханды ертіп алған еді.
Иса тауда дұға етіп тұрғанда, Оның бет-әлпеті күндей жарқырап кетті. Оның киімдері нұрланып, жер бетіндегі бірде-бір шебер ағарта алмайтындай аппақ болды.
Кенет жүздеген жылдар бұрын жер бетінде өмір сүрген Мұса мен Ілияс пайғамбар пайда болды. Сонда олар Исамен Оның Иерусалимдегі өлімі жайлы сөйлесіп тұрды.
Сол кезде Петір Исаға: «Осы жерде болғанымыз сондай жақсы! Үш күрке жасайық: біреуі Сізге, біреуі Мұсаға, біреуі Ілиясқа», — деді. Петір қорыққаннан не айтып тұрғанын өзі де түсінбеді.
Петір әлі де сөйлеп жатқанда, бір жарық бұлт олардың үстіне көлеңкесін түсірді. Сонда бұлттың арасынан: «Бұл Менің сүйікті Ұлым! Оған ризамын. Оны тыңдаңдар» — деген дауыс естілді. Үш шәкірт қатты қорыққандарынан жерге етпеттерінен құлай кетті.
Сонда Иса оларға қолын тигізіп: «Қорықпаңдар! Тұрыңдар!» — деді. Олар жан-жағына қарағанда, Исадан басқа ешкімді көрмеді.
Содан кейін Иса үш шәкіртімен таудан түседі. Иса оларға: «Мұнда көргендерің туралы ешкімге айтпаңдар! Мен жақында өлемін, бірақ қайта тірілетін боламын. Сол кезде ғана адамдарға айтсаңдар болады», — деді.
Матай 17:1-9, Марқа 9:2-8 және Лұқа жазған ізгі хабар 9:28-36 үзінділерінен алынған Киелі кітап әңгімесі