22. Жақияның дүниеге келуі
Бұрынғы заманда Құдай Өзінің пайғамбарларына сөзін арнап, олар арқылы халыққа сөзін жеткізіп отырған. Бірақ содан кейін төрт жүз жыл бойы Құдай адамдарға үн қатпады. Бір күні Құдай Зәкәрия есімді діни қызметкерге періштесін жібереді. Зәкәрия мен оның әйелі Елізабет Құдайды қастерлейтін жандар еді. Екеуінің де жасы ұлғайып қалған еді. Ал Елізабет құрсақ көтермегендіктен балалары болмады.
Зәкәрия ғибадатханада қызмет етіп тұрғанда оған періште көрініп былай деді: «Сенің әйелің ұл табады. Ұлдың атын Жақия деп қоясың. Құдай оны Киелі Рухқа кенелтеді және Жақия халықты Мәсіхтің келуіне дайындайды!» Зәкәрия жауап қайтарып: «Бұған қалай көз жеткізе аламын? Өйткені мен қартайдым, әйелімнің де жасы ұлғайды ғой!» — деді.
Періште Зәкәрияға жауап беріп: «Құдай мені саған жақсы хабар жеткізу үшін жіберді. Сен менің айтқандарыма сенбегендіктен, нәресте туылғанға дейін сөйлей алмайтын мылқау болып қаласың», — деді. Сол сәтте-ақ Зәкәрия сөйлеу қабілетінен айырылды. Періште кетіп, Зәкәрия үйіне оралды. Көп ұзамай әйелі жүкті болды.
Елізабет жүкті болғанына алты ай өткенде сол періште кенет оның туысы Мәриямға келді. Мәриям Жүсіп атты жігітке айттырылып қойған пәк қыз еді. Періште оған: «Сен жүкті болып, ұл табасың. Оның атын Иса деп қоясың. Ол Жаратушы Құдайдың Ұлы болып, мәңгілік билік құрады», — деді.
Мәриям одан: «Бұл қалай болмақ, мен еркекпен жақындасқан емеспін ғой?» — деп сұрады. Періште оған: «Саған Киелі Рух қонып, Құдай құдіретін дарытады. Сондықтан бұл киелі Бала Құдайдың (рухани) Ұлы деп аталмақ» — деп жауап берді. Мәриям періштенің айтқанына сенеді.
Мәриям туысқанына келіп амандасқан сәтте Елізабеттің ішіндегі нәресте тыпырлап кетеді. Елізабет Киелі Рухқа кенеліп, оның алдында Мәсіхтің анасы тұрғанын түсінеді. Құдайдың оларға жасаған істері үшін әйелдер Оған қуана алғыстарын білдіреді. Мәриям Елізабеттің үйінде үш ай тұрғаннан кейін үйіне қайтып оралады.
Біраз уақыттан кейін Елізабет ұл туады. Зәкәрия мен Елізабет, періште айтқандай, ұлдарының атын Жақия деп қояды. Сонда Зәкәрияға тіл бітіп, қайтадан сөйлеп кетеді. Зәкәрия былай деді: «Жаратқан Ие таңдап алған халқына келіп, оны құтқарып алады! Балам, сен Жаратқан Иенің пайғамбары боласың. Адамдарға күнәларынан кешірім алатын жолды көрсететін боласың!»
Лұқа 1- тараудан алынған Киелі кітап әңгімесі