46. Пауылдың Исаның шәкірті болуы
Сол уақытта Саул есімді бір адам өмір сүрді. Ол Иса туралы ілімге қарсы болатын. Бұрын Саул Степанды тас лақтырып өлтіріп жатқан адамдардың киімдерін күзеткен еді. Кейін Саул сенушілерді қудалай бастады. Ол Иерусалимде үйлерді аралап, әйелдер мен еркектерді сүйреп шығарып, түрмеге жапқызды. Бір күні Саул бас діни қызметкерге келіп, Исаның жолына түскендерді тұтқындап, Иерусалимге алып келу үшін Дамаск қаласындағы мәжілісханаларға арнап хат жазып беруін сұрады.
Осындай хатқа ие болғаннан кейін Саул Дамаскіге кетті. Қалаға жақындап қалғанда, көктен түскен жарық нұр айналаны жарқыратып жіберді. Саул жерге құлап түсіп, Біреудің: «Саул, Саул! Неге Мені қудалайсың?» — деген дауысын естіді. Саул: «Сен кімсің, Ием?» — деп сұрады. Ол: «Мен сен қудалап жүрген Исамын!» — деп жауап берді.
Саул жерден тұрғанда көзі көрмей қалды. Сондықтан серіктері оны Дамаскіге дейін қолынан ұстап жетектеп барды. Ол үш күн бойы нәр татпады.
Дамаскіде Исаға сенуші Анани деген бір шәкірті тұратын. Құдай оған: «Саул тұрған үйге бар. Оның көзін ашу үшін үстіне қолыңды қой», — деді. Анани: «Уа, Ием, мен ол кісі сенушілерді қудалап жүр деп естідім», — деді. Сонда Құдай оған былай деп жауап берді: «Бар сонда! Мен оны яһудилерге және басқа ұлттарға Мен туралы жариялау үшін таңдап алдым. Ол Менің атыма бола көп азап шегеді».
Анани Саулға барып, оның үстіне қолын қойып: «Саған жолшыбай келе жатқанда аян берген Иеміз Исаның Өзі көзің қайтадан көрсін, сен Киелі Рухқа кенелсін деп мені жіберді», — деді. Сол сәтте-ақ Саулдың көзі көре бастады. Анани оны шомылдыру рәсімінен өткізді. Содан кейін Саул аздап тамақтанып әлденді.
Саул Исаның шәкірттерімен бірге бірнеше күн Дамаскіде қалып, мәжілісханаларда яһудилерге Ізгі хабар айтып жүрді. Саул онда Исаның Құдайдың (рухани) Ұлы екенін жариялады. Саул бұрын Исаның шәкірттерін қудалап, енді өзі Исаға сенетін болғандықтан, яһудилер оған қатты таңғалды. Саул яһудилерге Исаның Құтқарушы Мәсіх екенін дәлелдеп, оларды абыржытты.
Бірнеше күннен кейін яһудилер Саулды өлтіру үшін жоспар құрды. Олар Саулды қала қақпасында күтіп алып, өлтіру үшін бірнеше адамын жібереді. Алайда Саул олардың жоспарын біліп қояды, сөйтіп оның достары оған қаладан шығып кетуге көмектеседі. Бір түні олар Саулды себептке салып, қамалдың қабырғасынан төмен түсіріп жібереді. Саул Дамаскіден қашып кеткеннен кейін де Иса туралы Ізгі хабар айтуды тоқтатпады.
Елшілермен кездесу үшін Саул Иерусалимге барады. Бірақ бәрі қорқып, оның Исаның жолына түскеніне сене қоймады. Ал Барнаба атты бір сенуші Саулды елшілерге ертіп келеді. Ол Саулдың Дамаскіде батыл уағыз айтқаны туралы оларға айтып береді. Содан кейін елшілер Саулды қабылдады.
Иерусалимде қудаланған кейбір сенушілер Антақия қаласына барып, Иса туралы уағыздап жүрді. Антақиядағы адамдардың көпшілігі басқа ұлттық адамдар еді, бірақ Исаның шәкірттерінің уағыздарын естігеннен кейін олар да Исаға сене бастады. Олар яһудилер болмаса да, Исаға Құдайдың Ұлы деп сенген алғашқы адамдар болды. Барнаба мен Саул жаңа сенушілерге Иса туралы тәлім беріп, қауымды рухани жағынан нығайту үшін Антақияға келді. Дәл Антақияда Исаның жолын қуған шәкірттер алғаш рет «мәсіхшілер» деп аталды.
Бір күні Исаның шәкірттері Антақияда ораза ұстап, мінәжат етіп отырған кезде, Киелі Рух оларға: «Саул мен Барнабаны Мен тапсырған арнайы істі орындау үшін жіберіңдер» — деді. Антақиядағы сенушілер Барнаба мен Саулдың үстеріне қолдарын қойып мінажат етті. Осылай Барнаба мен Саул Антақиядан кетіп, басқа халықтарға тәлім беріп жүрді. Көптеген адамдар Исаның соңынан ере бастады.
Елшілердің істері 8:3; 9:1-31; 11:19-26; 13:1-3 үзінділерінен алынған Киелі кітап әңгімесі