40. Исаның айқыш ағашқа шегеленуі
Исаны мазақтап, қамшымен соққаннан кейін, жасақшылар Оны айқышқа шегелеп іліп қою үшін алып кетті. Олар Исаны Өзінің айқыш ағашын арқалап жүруге мәжбүрледі.
Исаны Ғолғота, яғни «Маңдайтөбе» деген жерге алып келді. Сол жерде Оны айқыш ағашқа керіп, аяқ-қолдарын шегелеп тастады. Иса аспанға қарап: «Әке, оларды кешіре гөр! Олар не істеп жатқандарын түсінбейді» — деді. Исаны шегелеп болғаннан кейін Оның басының жоғары жағына бір тақтайшаны бекітіп қойды. Онда Пилаттың әмірі бойынша жазылған «Яһудилердің Патшасы» деген жазу болды.
Жасақшылар жеребе тастап Исаның киімдерін бөлісіп алды. Осылайша Киелі жазбалардағы: «Жау жамылғымды бөлісіп алады, киімім үшін жеребе салады» деген пайғамбарлық сөздер орындалды.
Жасақшылар екі қарақшыны да айқышқа шегелеп, Оның екі жағына көтеріп қойды. Қарақшылардың біреуі Исаға тіл тигізді, ал екіншісі оған: «Құдай сені жазалайды деп қорықпайсың ба? Біз қылмысымызға лайықты жаза тартып тұрмыз, ал бұл Адам кінәсіз», — деді. Содан кейін ол Исаға қарап: «Патшалығыңызға кіргенде, мені есіңізге ала гөріңіз», — деп өтінді. Иса оған: «Бүгін-ақ Менімен бірге жұмақта боласың», — деп жауап берді.
Басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдері және жиналған басқа да адамдар Исаны мазақ қылды. Олар Исаға: «Егер Құдайдың Ұлы болсаң, онда айқыштан түсіп Өзіңді құтқарып ал! Сонда біз Саған сенетін боламыз», — деді.
Кенет тал түсте аспанды қараңғылық басты. Ол үш сағатқа созылды.
Содан кейін Иса қатты дауыспен айқайлап: «Енді түгел орындалды! Әке, Рухымды Сенің қолыңа тапсырамын», — деді. Мұны айтқаннан кейін Иса жан тәсілім етті. Кенет жер сілкініп, киелі үйдегі шымылдық жоғарыдан төменге дейін қақ айырылып, екіге бөлінді.
Осылайша Иса Өзінің құрбандық өлімі арқылы бүкіл адамзатқа Құдайдың алдына келетін жол ашып берді. Исаны күзетіп тұрған адам осы оқиғалардың бәрін көргенде: «Бұл шынымен әділ Адам болған екен. Ол — Құдайдың Ұлы!» - деп мойындады.
Содан кейін жоғарғы кеңестің мүшесі Жүсіп пен парызшыл Нікөдім екеуі Пилатқа келіп Исаның мәйітін жерлеуге рұқсат сұрап алады. Олар Исаның Мәсіх екеніне сенетін. Жүсіп пен Нікөдім Исаның мәйітін кебінге орап, жартаста үңгіп жасалған қабірге апарып қойды. Бұдан кейін қабірдің кіреберісін үлкен таспен жауып қойды.
Матай 27:27-61, Марқа 15:16-47, Лұқа 23:26-56 және Жохан 19:17-42 үзінділерінен алынған Киелі кітап әңгімесі