44. Петір мен Жоханның сал адамды сауықтыруы
Бір күні Петір мен Жохан ғибадатханаға барды. Ғибадатхананың қақпасының алдында бір сал адам қайыр сұрап отыратын.
Петір сал адамға қарап: «Менде саған беретін ақша жоқ. Дегенмен саған барымды беремін. Исаның атынан, орныңнан тұрып, жүріп кет!» — деді.
Сол сәтте-ақ Құдай сал адамды емдеді. Ол әрі-бері жүріп, секіріп, Құдайды мадақтаумен болды. Ғибадатхананың ауласында жүрген адамдар осы оқиғаны көргенде қатты таңғалды.
Сауыққан адамды көргісі келген қалың жұрт тез арада жинала қалды. Петір: «Бұл кісінің сауығып кеткеніне неге таңғалып тұрсыңдар? Оның жүріп кетуіне өз күшіміз немесе әділдігіміз себепші болған жоқ. Қайта Иса оны Өзінің құдіретімен сауықтырды, өйткені біз Оған сендік.
Сендер римдік әміршіден Исаны өлтіруді талап еттіңдер. Осылайша шынайы өмірдің Бастауын өлтірттіңдер. Бірақ Құдай Оны өлімнен қайта тірілтіп алды. Не істеп жатқандарыңды өздерің де түсінбедіңдер. Ал Құдай пайғамбарлар арқылы алдын ала жариялаған хабарларды осылайша жүзеге асырды. Олар Мәсіхтің азап шегіп, өлтірілетінін айтқан болатын. Ал мұның бәрін Құдай істеді. Сондықтан теріс жолдан қайтыңдар! Сонда күнәларыңды кешіреді», — деді.
Петір мен Жоханның сөздерін естіген діни қызметкерлер мен ғибадатхана сақшыларының басшысы қатты наразы болды. Олар екі елшіні ұстап алып, түрмеге жауып тастады. Ал Петірдің уағызын тыңдағандардың көбі оның айтқан сөздеріне сенді. Сол күні Исаға сенген ер адамдардың саны бес мыңға жуық болды.
Келесі күні яһудилердің басты діни қызметкерлері, дін мұғалімдері және рубасылары жиналды. Оларға Петір мен Жоханды және сал болған адамды алып келді. Олар Петір мен Жоханнан: «Мына сал адамды қандай күшпен сауықтырдыңдар?» — деп сұрады.
Петір оларға былай деп жауап берді: «Бұл адам Иса Мәсіхтің құдіретімен сауығып, алдарыңызда тұр. Сендер Исаны айқышқа шегелеттіңдер, ал Құдай Оны өлімнен қайта тірілтті! Сендер Одан бас тарттыңдар, бірақ Исадан басқа құтқарылатын жол жоқ!»
Жиналған жұрт Петір мен Жоханның батылдығына таңғалды. Олар алдарында қарапайым және діни дайындықтан өтпеген адамдардың тұрғанын көрді, бірақ кейін оларды Исаның қасынан көргендерін естеріне түсірді. Діни қызметкерлер мен рубасылар Петір мен Жоханға: «Исаның атымен уағыз айтпаңдар, әйтпесе, қатаң жазалаймыз», — деді. Сөйтіп Петір мен Жоханды қорқытып, жөндеріне жіберді.
Елшілердің істері 3:1-4:22 үзіндісінен алынған Киелі кітап әңгімелері