37. Исаның Елазарды өлімнен қайта тірілтуі
Сол уақытта Елазар есімді бір адам өмір сүрген еді. Оның Мәриям және Марта деген екі әпкесі болды. Елазар, Марта және Мәриям Исаның жақын достары болды. Бір күні Исаға Елазардың қатты науқастанып жатқаны туралы хабар келеді. Бұл туралы естігенде Иса: «Бұл аурудың соңы өлімге соқтырмайды, қайта, осының арқасында адамдар Құдайды мадақтайтын болады», — деді.
Иса Өзінің достарын жақсы көруші еді, бірақ Ол Елазардың науқастанып жатқанын естісе де, сол кезде болған жерінде тағы да екі күнге қалып қойды. Бұдан кейін Иса шәкірттеріне: «Яһудея аймағына қайта оралайық» — деді. Ал шәкірттері: «Ұстаз, Яһудеяда тұратын адамдар жақында ғана Сізді өлтіргісі келіп еді ғой!» — деді. Иса: «Досымыз Елазар ұйықтап жатыр. Мен барып, оны оятайын», — деп жауап берді.
Исаның шәкірттері: «Ұстаз, Елазардың ұйықтағаны жақсы, сонда сауығады», — деп жауап берді. Сонда Иса оларға тікелей: «Елазар өлді. Бірақ мен сол жерде болмағаныма қуанамын, өйткені енді сендер Маған нақты сенесіңдер», — деді.
Иса достары тұратын ауылға келгенде, Елазардың қайтыс болғанына төрт күн өткен еді. Марта Исаның алдынан шығып: «Ұстаз, егер Сіз осында болсаңыз, менің бауырым өлмес еді. Бірақ қазір де Құдайдан не сұрасаңыз, оны Сізге беретінін білемін» — деді.
Иса былай деп жауап берді: «Қайта тірілу мен шынайы өмір — Менмін. Маған сенетін адам өлсе де, шынайы өмір сүретін болады. Соған сенесің бе?» Сонда Марта: «Иә, Ұстаз! Мен Сіздің Мәсіх – Құдайдың Ұлы екеніңізге сенемін», — деп жауап берді.
Содан кейін Мәриям келді. Ол Исаның аяғына жығылып былай деді: «Ием, Сіз осында болсаңыз бауырым өлмес еді! Иса олардан: «Оны қай жерге жерледіңдер?» — деп сұрады. Олар: «Қабірге. Барып көріңіз», — деп жауап қайтарды. Иса көзіне жас алды.
Қабір аузы қақпақ таспен жабылған үңгір болатын. Иса үңгірге жақындағанда: «Тасты алып тастаңдар» — деп бұйырды. Бірақ Марта былай деді: «Елазардың қайтқанына төрт күн болды, ол иістеніп кетті».
Иса оған: «Егер Маған сенсең, Құдайдың құдіретті ұлылығын көресің деп саған айтпап па едім?» — деді. Сонда олар қабірдің аузынан қақпақ тасты домалатып алып тастады.
Иса көкке қарап: «Әке, тілегімді қабыл алғаның үшін алғыс айтамын. Тілегімді әрқашан қабыл алатыныңды білемін. Бірақ мұны осында тұрған адамдардың Сенің Мені жібергеніңе көздері жетуі үшін айтып тұрмын» - деді. Содан кейін Иса қатты дауыстап: «Елазар, шық!» — деп бұйырды.
Сонда Елазар қабірден шықты! Оның үсті-басы кебінге оралған еді. Иса айналасында тұрған адамдарға: «Кебінін шешіп жіберіңдер, жүре берсін!» — деді. Бұл кереметті көрген яһудилердің көбі Исаға сенді.
Бірақ бас діни қызметкерлер мен парызшылдар бүкіл халық Исаға Мәсіх ретінде сеніп кетеді деп қауіптенді. Сондықтан олар кеңес құрып, Иса мен Елазарды өлтіруді жоспарларды.
Жохан жазған ізгі хабар 11:1-46 үзінділерінен алынған Киелі кітап әңгімесі