20. Жер аударылу және қайта оралу
Исраил мен Яһуда елі Құдайға қарсы күнә жасауларын доғармады. Олар Синай тауында Құдаймен жасаған келісімдерін бұзды. Халықтың теріс жолдан қайтып, Құдайға бет бұруы үшін Ол бірнеше рет пайғамбарларын жіберді. Бірақ олар Құдайға мойынсұнбады.
Құдай осы екі патшалықты мойынсұнбағандары үшін жазалап, оларды жауларының жоюына қалдырды. Сол уақытта Ассур қуатты елдердің бірі болған еді. Ассурлықтар басқа халықтарға қатыгез болды. Олар Исраил еліне шабуыл жасап, оны жаулап алды. Ассурлықтар Исраил патшалығындағы көптеген адамдарды өлтіріп, байлығын тонап алып кетті және елдің үлкен бөлігін өртеп жіберді.
Ассурлықтар барлық басшыларды, қолөнершілер мен байларды Ассур жеріне алып кетті. Исраилде тек ең кедей адамдар ғана қалды.
Содан кейін ассурлықтар сол жерге басқа халықтарды көшіріп әкелді. Сол халықтар қираған қалаларды қайтадан тұрғызды. Олар сол жерде қалған исраилдіктерге үйленді. Басқа халықтардың адамдарына үйленген исраилдіктердің ұрпақтары самариялықтар деп аталды.
Яһуда елінің тұрғындары Исраил халқының сенім артпағаны және мойынсұнбағаны үшін Құдайдың қалай жазалағанын көрді. Сонда да олар жалған тәңір мүсіндеріне, соның ішінде қанахандықтардың құдайларына табына берді. Құдай оларға ескерту үшін пайғамдарларды жіберді, бірақ олар құлақ аспады.
Ассурлықтардың Исраил патшалығын қиратқанына шамамен 100 жыл өткеннен кейін, Құдай Бабыл патшасы Набуходоносорды Яһуда еліне шабуыл жасау үшін жібереді. Сол уақытта Бабыл қуатты патшалық болатын. Сонда Яһуда патшасы Набуходоносордың қызметшісіне айналып, жыл сайын оған алым-салық төлеп тұруға мәжбүр болды.
Бірақ бірнеше жылдан кейін Яһуда елінің патшасы Бабылға қарсы бас көтереді. Сонда бабылдықтар қайтып келіп, Яһуда еліне шабуыл жасады. Олар Иерусалимді басып алып, ғибадатхананы қиратты, сөйтіп қала мен ғибадатханадағы барлық қазынаны алып кетеді.
Бас көтергені үшін Набуходоносор әскері жаза ретінде Яһуда патшасының көз алдында оның балаларын өлтіріп, кейін өзінің көзін ойып алады. Олар патшаны Бабылға алып кетеді, сол жерде ол түрмеде қайтыс болады.
Набуходоносор мен оның әскері тек кедей адамдарды ғана жерді өңдеу үшін қалдырып, Яһуда халқының көбін Бабылға айдап әкетеді. Құдай халқы уәделі жерден тыс жақта өмір сүрген кезең Бабылға жер аударылу кезеңі деп аталды.
Халықты күнәлары үшін жазалап, құлдыққа айдалуға жол берсе де, Құдай Өз халқын ұмытпады, уәдесін де есінен шығармады. Құдай ары қарай Өз халқына қамқорлық көрсетіп, пайғамбарлары арқылы сөзін жеткізіп отырды. Құдай жетпіс жылдан кейін исраилдіктердің уәделі жерге қайта оралатыны жөнінде уәде берді.
Шамамен жетпіс жылдан кейін Парсы елінің патшасы Кир Бабылды талқандады. Енді Бабыл патшалығының орнына Парсы патшалығы көптеген халықтарға билік жүргізе бастады. Сол кездері исраилдіктерді яһудилер деп атайтын. Олардың көпшілігі өмір бойы Бабылда тұрған еді. Елін, жерін ұмытпаған бірнеше яһуди ақсақалы ғана қалған еді.
Парсы патшалығы қуатты болса да, бағындырып алған халықтарға мейіріммен қарады. Көп ұзамай Кир Парсы елінің патшасы болып тағайындалды. Сонда ол еліне оралғысы келген яһудилердің бәріне Парсы елінен Яһуда жеріне қайтуға рұқсат берген жарлық шығарды. Ол тіпті киелі үйді қайта тұрғызуға қажеттінің бәрін де берді! Осылайша жетпіс жылдық құлдықтан кейін бір топ яһуди Иерусалим қаласына қайтып оралды.
Адамдар Иерусалимге оралғаннан кейін киелі үйді қайта тұрғызып, қаланың айналасындағы қабырғаларды көтерді. Яһудилер әлі Парсы еліне бағынышты болса да, уәделі жерде тұрып, киелі үйде Құдайға ғибадат ете алды.
Патш 4-ж.17; 24-25; Шеж 2-ж. 36; Езра 1-10; Нехемия 1-13 тараулардан алынған Киелі кітап әңгімесі