38. Исаға қарсы жасалған опасыздық
Исаның халыққа уағыз айтып, тәлім бере бастағанына үш жыл өтті. Көптеген қалаларды аралап шыққан Иса шәкірттерімен бірге Иерусалимге келді. Құтқарылу мейрамы жақындап қалған еді. Иса Өзінің шәкірттерімен бірге сол мейрамды тойлағысы келді. Яһудилер жыл сайын Құдайдың ертеде ата-бабаларын Мысырдағы құлдықтан құтқарғанын естеріне түсіріп, Құтқарылу мейрамын тойлайтын. Мейрамның алдында Иса шәкірттеріне жақында Оны өлтіретіні туралы айтты.
Исаның он екі елшісінің арасында Яһуда есімді біреу болған еді. Ол құрбандықтан түскен ақшаны сақтайтын әмиянды ұстайтын және түскен ақшадан жиі ұрлайтын. Иса шәкірттерімен бірге Иерусалимге келгенде, Яһуда басты діни қызметкерлерге барды. Ол Исаны ақшаға сатып, қолға түсіріп беруді ұсынды. Яһуда басты діни қызметкерлердің Исаны Мәсіх деп мойындамайтынын және Оны өлтіргілері келетінін білді.
Басты діни қызметкерлер бастаған Таурат заңын үйретушілер мен рубасылар Яһудаға Исаны қолға түсіріп беруі үшін отыз күміс теңге төледі. Мұның бәрі пайғамбарлардың жазбада айтқанындай болды. Яһуда бұған келіседі, сөйтіп ақшаны алып, сыртқа шығып кетеді. Осы кезден бастап Яһуда оларға Исаны ұстап берудің қолайлы сәтін іздей бастады.
Иса шәкірттерімен Құтқарылу мейрамын тойлап жатқанда нанды алып, үзіп беріп: «Алып, жеңдер. Бұл Менің сендер үшін құрбандыққа берілетін денем. Мені естеріңе түсіру үшін осылай істеңдер!» — деді. Осылайша Иса шәкірттеріне Өзінің денесін құрбандыққа беріп, олар үшін өлетінін білдірді.
Сонда Иса жүзім шырыны құйылған тостағанды ұстап: «Алып, ішіңдер! Бұл Құдай күнәларыңды кешіруі үшін төгіліп, Жаңа келісімді бекітетін Менің қаным. Мені естеріңе түсіру үшін осылай істеңдер!» — деді.
Содан кейін Иса шәкірттеріне араларындағы біреуінің Оған опасыздық жасайтынын айтады. Шәкірттері аң-таң болып, мұны кім істейтінін сұрай бастады. Иса: «Мына бір үзім нанды кімге берсем, сол Маған опасыздық жасайды», — деді. Ол нанды Яһудаға берді.
Яһуда нанды алған бойда оның бойына шайтан кірді. Сонда Иса Яһудаға: «Ойыңдағыны тезірек іске асыр», — деді. Исаның қайда болатынын айту үшін Яһуда бас діни қызметкерлерге барды. Сыртта қараңғы түн еді.
Кешкі астан кейін Иса шәкірттерімен бірге Зәйтүн тауына қарай барды. Сонда Иса былай деді: «Бүгін түнде бәрің Менен безіп кетесіңдер». Бұл туралы Киелі жазбаларда алдын ала айтылған: «Бақташыны ұрып өлтіремін, сонда отарындағы қойлары бытырап кетеді».
Сонда Петір: «Бәрі Сізден безіп кетсе де, мен ешқашан безіп кетпеймін!» — деді. Иса Петірге: «Шайтан сендерді сынақтан өткізетін болады, бірақ Петір, сенімің таусылмасын деп Мен сен үшін мінажат еттім. Осы түні-ақ әтеш шақырғанша, Менен үш рет танасың», — деп жауап береді.
Сонда Петір Исаға былай дейді: «Маған Сізбен бірге өлуге тура келсе де, Сізден еш танбаймын!» Барлық басқа шәкірттері де осыны айтты.
Содан кейін Иса шәкірттерімен бірге Гетсимани бағына барды. Иса шәкірттеріне азғырылмау үшін сиынып мінажат етуді тапсырады. Сөйтіп Иса олардан әрірек барып мінажат етеді.
Иса: «О, Әке, Сен қаласаң, қаһарыңа толы осы тостағанды Маған жолата гөрмеші. Бірақ адамдардың күнәлары кешірілетін басқа жол жоқ болса, онда Сенің еркің болсын!» — деп үш рет мінажат етті. Исаның қатты қиналғаны соншалық, Оның тері қан сияқты жерге тамып жатты. Құдай Оған күш беруге періштесін жіберді.
Осылай Иса сиынып мінажат етіп келген сайын, шәкірттерінің ұйықтап жатқанын көреді. Үшінші рет қайтып келгенде, Ол шәкірттеріне: «Тұрыңдар! Маған опасыздық жасайтын адам таяп қалды», — деді.
Сол сәтте Яһуда қасына яһуди басшылары мен жасақшыларынан құралған бір топ адамды ертіп келеді. Олар қолдарына семсер мен сойыл ұстап келген екен. Яһуда Исаға жақындап келіп: «Амансыз ба, Ұстаз!» — деп Оның бетінен сүйді. Яһуда бұл ісімен еріп келгендерге тұтқынға алатын Адамды көрсетіп, белгі беру үшін істеген еді. Сонда Иса: «Яһуда, бетімнен сүйіп тұрып, Маған опасыздық жасамақсың ба?» — деді.
Жасақшылар Исаны ұстап алғанда Петір семсерін суырып алып бас діни қызметкердің малайының құлағын шауып түсіреді. Иса: «Семсеріңді қынабына сал! Мен Әкемнен сұрасам Мені қорғауға Ол дереу періштелер әскерін жібереді! Бірақ Мен Әкеме мойынсұнуым керек», — деді. Иса малайдың құлағын сауықтырып жібереді. Содан кейін жасақшылар Исаны тұтқынға алады, ал шәкірттері жан-жаққа қаша жөнеледі.
Матай 26:14-56, Марқа 14:10-50, Лұқа 22:1-53 және Жохан 12:6; 18:1-11 үзінділерінен алынған Киелі кітап әңгімесі