48. Иса — Уәде етілген Мәсіх
Құдай осы әлемді жаратқан кезде бәрі тамаша болды. Күнә болмады. Адам ата мен Хауа ана Құдайды және бір-бірін де сүйетін. Жер бетінде ауру да, өлім де болмаған еді. Құдай әлемді осылай жоспарлаған болатын.
Бірақ шайтан жылан кейпінде келіп, Хауа ананы алдады. Соның салдарынан Адам ата мен Хауа ана Құдайға қарсы күнә жасады. Олар күнә жасағандықтан, жер бетіндегі адамдардың бәрі енді өлетін болды.
Адам ата мен Хауа ана Құдайдың еркіне қарсы шығып, күнә жасағандықтан, Оның жауына айналды. Содан бері Адам ата мен Хауа ананың ұрпағы болып дүниеге келетін әрбір адам күнәкар болып туылатын болды. Адам туғаннан-ақ Құдайға жау болып келеді. Адам мен Құдайдың арасында татулық жоғалды. Бірақ Құдай адаммен татулық орнатқысы келді.
Құдай Хауа ананың Ұрпағы жыланның басын мыжитыны, ал жылан Оның өкшесін шағатыны жөнінде алдын ала айтқан болатын. Бұл шайтан Мәсіхті өлтіреді, ал Құдай Оны қайта өлімнен тірілтеді дегенді білдіреді. Осылайша Мәсіх шайтанның билігін түбегейлі жояды. Көп жылдан кейін Құдай уәде еткен Мәсіхті жіберді. Ол — Иса.
Исаның заманынан көп уақыт бұрын Құдай Нұхқа жер бетіне топан су қаптататынын айтқан еді. Сондықтан Нұх пен оның отбасына топан судан аман қалу үшін кеме тұрғызуды бұйырды. Құдай Өзіне сенген адамдарды осылай құтқарды. Нұх Құдайға сеніп, кеме тұрғызды. Тек Нұх пен оның отбасы ғана аман қалды. Сол сияқты әрбір адам жасаған күнәсі үшін және Құдайға қас болғандықтан, өлуге лайық еді. Бірақ Құдай Өзіне сенім артқандардың бәрін құтқару үшін, Исаны жіберді.
Жүздеген жылдар бойы діни қызметкерлер күнәдан тазарту үшін Құдайға құрбандық шалып келді. Бұл олардың жасаған күнәлары мен Құдайдың жазасына лайық екенін естеріне салатын. Бірақ мұндай құрбандықтар адамдарды күнәдан біржола арылта алмады. Иса діни қызметкерлердің қолынан келмеген нәрсені жүзеге асырды. Ол бүкіл адамзаттың күнәсін өз мойнына алып, өмірін құрбандыққа берді. Біздің күнәларымыз үшін тартатын жазаны Иса Өз мойнына алды. Сол себепті Иса — Ұлы Бас діни қызметкер.
Құдай Ыбырайымға: «Мен сен арқылы жер бетіндегі барлық халықты жарылқаймын», — деген болатын. Иса Ыбырайымның ұрпағы болды. Бүгінде адамдар Исаға сенгенде, Құдай Ыбырайым арқылы барлық ұлттарға батасын береді. Адамдар Исаға деген сенімі арқылы Ыбырайымның рухани ұрпағы болып саналады.
Бірде Құдай Ыбрайымға өзінің ұлын құрбандыққа шалуды бұйырған еді. Құдай Ыбырайымның мойынсұнғанын көріп, Ысқақтың орнына құрбандыққа шалатын қошқарды берді. Біз бәріміз күнәларымыз үшін өлімге лайықты едік, бірақ Құдай біздің орнымызға Өзінің жалғыз Ұлын құрбандыққа берді. Сол себепті біз Исаны Құдайдың Тоқтысы деп атаймыз.
Ежелде Құдай Мысырды соңғы апатпен жазалағанда, әрбір исраилдік отбасыға бір тоқтыдан құрбандыққа шалуды бұйырған еді. Осылай исраилдіктер Мысырға жіберілген жазадан құтқарылды. Құрбандыққа шалынатын тоқты мінсіз болуы керек еді. Яһудилер сол тоқтының қанынан үйлерінің есік жақтаулары мен маңдайшаларына жағуға тиіс болды. Сонда Құдай сол қанды көріп, өтіп кетті. Осылайша олар апаттан толық аман қалды. Құдай бұны Құтқарылу мейрамы деп атады.
Иса ешқашан күнә жасамаған, барлық істе мінсіз болды. Ол Құтқарылу мейрамында құрбандыққа шалынған тоқты сияқты болды. Адам Исаға сенгенде, Оның қаны сол адамның күнәларының өтемі болады, осылайша Құдай оны жазаламайды. Құдай сол адамнан өтіп кететіні сияқты, ол жазадан аман қалады.
Құдай исраилдіктерді Өзінің меншікті халқы ретінде таңдап алғандықтан олармен келісім жасады. Құдай бүкіл халыққа арналған Жаңа Келісім жасады. Енді Жаңа Келісімді қабылдаған кез келген адам Құдайдың халқының қатарына қосылады. Бұл Мәсіхке деген сенімнің арқасында іске асады.
Мұса Құдайдың Сөзін асқан батылдықпен уағыздаған ұлы пайғамбар болды. Ал Иса — барлық пайғамбардан да ұлы. Ол — Құдай, сондықтан Оның істері мен сөздерінің бәрі Құдайдың істері мен сөздері болып табылады. Міне, сондықтан да Киелі кітапта Иса Құдайдың Сөзі деп аталады.
Құдай Дәуіт патшаға оның ұрпағынан шығатын Біреудің Құдайдың халқын мәңгі басқаратыны жөнінде уәде еткен еді. Иса – сол Дәуіттің ұрпағы. Ол Құдайдың (рухани) Ұлы және мәңгі билік жүргізетін Мәсіх.
Дәуіт Исраил елінің патшасы болды, ал Иса — бүкіл Әлемнің Патшасы! Ол қайтып келгенде, Өзінің Патшалығында тыныштықпен және әділдікпен мәңгі билік құратын болады.
Жаратылыстың басталуы 1-3, 6, 14, 22, Мыс.шығу 12, 20, Патшалық.2-ж. 7-тарау, Жохан 21-тарау, Еврейлерге арналған хат 3:1-6, 4:14-5:10, 7:1-8:13, 9:11-10:18 және Жохан 21 тарау