8. Құдайдың Жүсіпті және оның отбасын құтқаруы
Арада көп жыл өтті, Жақып қартайып, ұлдары ер жетті. Бірде Жақып өзінің сүйікті ұлы Жүсіпті мал бағып жүрген ағаларының хал-жағдайларын біліп келуге жібереді.
Әкелері басқа балаларынан гөрі Жүсіпті көбірек жақсы көргендіктен және өзін ағаларының қожайыны ретінде көрген түстері үшін бауырлары оны жек көрді. Жүсіп оларға келгенде, ағалары оны ұстап алып, құлдыққа сатып жіберді.
Ағалары үйлеріне қайтпас бұрын Жүсіптің киімін жыртып, оны текенің қанына бояды. Әкелері Жүсіпті жыртқыш аң жарып тастаған екен деп ойлап қалуы үшін оған қанға боялған киімді көрсетті. Жақып сүйікті ұлым өлді деп қатты күйзелді.
Саудагерлер Жүсіпті Мысыр еліне алып кетті. Сол кездері Мысыр елі Ніл өзенінің жағасында орналасқан мықты мемлекет еді. Саудагерлер Жүсіпті Потифар есімді мысырлық уәзірге құлдыққа сатып жіберді. Әйтсе де Құдай Жүсіпті жарылқап жүрді. Жүсіп қожайынына жақсы қызмет етті және барлық істері табысты болды.
Потифардың әйелі Жүсіпке көз сала бастады. Ол Жүсіпті азғыруға тырысқанымен, Жүсіп Құдайға қарсы ауыр күнә жасаудан бас тартты. Потифардың әйелі бұған ашуланып, «ол мені зорламақшы болды» деп жала жауып оны түрмеге қаматып тастады. Жүсіп түрмеге қамалса да, Құдайдың алдында сенімді болып қала берді және Құдай оған жар болды.
Арада екі жыл өтті. Жүсіп кінәсіз болса да, әлі де түрмеде отыр еді. Бір түні перғауын (мысырдың патшасы) өзінің мазасын алған екі түс көрді. Бірде-бір кеңесші оған осы түстердің мағынасын жорып бере алмады.
Құдай Жүсіпке түс жори алатын қабілет берген болатын. Сондықтан перғауын Жүсіпті түрмеден алып келуге бұйырды. Жүсіп осы түстерді жорып беріп, перғауынға былай деді: «Құдай елде жеті жыл бойы молшылық болатынын білдіріп тұр, ал содан кейін елді жеті жылдық қуаңшылық жайлайды».
Жүсіптің перғауынның көңілінен шыққаны соншалық, ол Жүсіпті бүкіл Мысыр елінің әміршісі етіп тағайындады.
Молшылық болған жеті жыл бойы Жүсіп Мысыр қалаларында астық қорын жинап алды. Жиналған астық қоры ағыл-тегіл мол болды. Жеті жылдық жұт басталғанда, Жүсіп жинаған астықты адамдарға сата бастайды. Соның арқасында олардың тамақтары жеткілікті болды.
Ашаршылық тек Мысырды ғана емес, Жақып пен оның отбасы өмір сүріп жатқан Қанахан жерін де жайлады.
Сондықтан Жақып үлкен ұлдарын астық сатып алуға Мысырға жібереді. Олар астық сатып алуға келгенде, Жүсіп ағаларын танып қояды, бірақ олар оны танымады.
Жүсіп ағаларының қаншалықты өзгергенін көргісі келіп, оларды сынамақ болады. Олардың өзгергендеріне көз жеткізгеннен кейін, Жүсіп оларға былай дейді: «Мен сендердің інілерің Жүсіппін, қорықпандар! Сендер мені құлдыққа сатып зұлымдық жасадыңдар, бірақ Құдай сол зұлымдықты игілікке айналдырды. Мысырға көшіп келіңдер, мен сендерге және отбасыларыңа қамқор боламын».
Жүсіптің ағалары үйлеріне қайтып оралған кезде әкелеріне Жүсіптің тірі екенін айтып береді. Оны естіген Жақып қатты қуанып кетті.
Жақып қартайған болса да, бүкіл үрім-бұтағымен Мысырға көшіп барып, сол жерге қоныстанды. Жақып көз жұмар алдында балаларының әрқайсысына ақ батасын берді.
Құдайдың Ыбырайымға берген Келісім уәдесі Ысқаққа, Ысқақтан Жақыпқа, содан кейін оның он екі ұлы мен олардың отбасыларына берілді. Жақыптың он екі ұлының ұрпақтарынан Исраилдің он екі руы тарады.
Жаратылыстың басталуы 37-50-тарауларынан алынған Киелі кітап әңгімелері