26. Исаның Өз қызметін бастауы
Иса шайтанның сынағынан өткеннен кейін, Өзінің тұрған жері Ғалилея аймағына қайтып келді. Киелі Рух Оған зор құдіретін дарытты. Иса Ғалилея аймағын аралай жүріп, әр жерде адамдарға тәлім берді. Адамдар Ол жайлы жақсы ойда болды.
Бір күні Иса Өзінің балалық шағы өткен Назарет қаласына келді. Ол сенбі күні Құдайға сиынатын орынға, яғни мәжілісханаға барды. Сол жерде Оған дауыстап оқуға Ишая пайғамбардың сөздері жазылған шиыршық кітапты берді. Иса жазбаны ашып былай деп оқи бастады:
«Маған Жаратқан Ие Өзінің Рухын қондырды. Ол мені жарлыларға ізгі хабар жеткізуге тағайындады, сондай-ақ тұтқындарды босатып, соқырлардың көздерін ашуға және езілгендерді қанаудан азат етуге жіберді. Осы уақытта Иеміз бізге мейірімін төгіп, көмектеседі».
Содан кейін Иса орнына отырды. Сол жердегілердің барлығы Оған қадала қарады. Олар Иса оқыған жазбаның үзіндісі Мәсіх туралы екенін білді. Иса: «Осы оқығандарымның бәрі бүгін орындалды», — деді. Бұған бәрі таңғалды. Олар: «Бұл Жүсіптің баласы емес пе?» — деп өзара сұрасты.
Сонда Иса: «Пайғамбардың өз қаласында қабылданбайтыны шындық. Ілияс пайғамбардың кезінде Исраилде жесірлер көп болған. Бірақ үш жарым жыл жаңбыр жаумаған кезде, Құдай Ілиясты исраилдік жесір әйелге жібермей, басқа ұлттың жесір әйеліне жіберді», — деді.
Иса сөзін былай деп жалғастырды: «Ал Еліше пайғамбардың заманында Исраилде алапеспен ауыратын адамдар көп болатын. Бірақ Еліше олардың ешқайсысын сауықтырған жоқ. Ол тек Исраил жауларының қолбасшысы Нағыманды ғана ауруынан сауықтырды». Исаның сөзін естігендер яһудилер еді. Сондықтан олар Одан мұндай сөздерді естігенде, қатты ашуланды.
Назарет тұрғындары Исаны ұстап алып мәжілісханадан алып шығады. Сөйтіп Оны құлатып өлтірмек болып, таудың тік жарына алып барады. Бірақ Иса араларынан өтіп шығып, Назареттен кетіп қалады.
Содан кейін Иса бүкіл Ғалилея аймағын аралап жүрді, көптеген адамдар Исаға келіп жатты. Олар соқырлар, сал адамдар, саңыраулар, мылқаулар және басқа да ауруларды алып келді. Ал Иса оларды сауықтырды.
Исаға жын соққан көп адамды алып келді. Иса жындарға «шық» деп бұйырғанда, олар адамның денесінен шығып кетті. Сонда жындар: «Сен – Құдайың Ұлысың!» – деп айқайлады. Бірақ Иса оларға Өзінің кім екенін айтуға тыйым салды. Қалың жұрт Исаның күші мен билігіне таң қалып, Жаратқан Иені мадақтады.
Исаның соңынан көптеген адам еріп жүрді, кейбіреулері Оның шәкірттерінің қатарына қосылды. Ол шәкірттерінің арасынан 12 адамды таңдап алды, олар Исаның ерекше өкілдері болды. Иса оларды «елшілер» деп атады. Елшілер Исамен бірге жүріп, Одан тәлім алды.
Матай 4:12-25, Марқа 1:14-15, 35-39; 3:13-21 және Лұқа 4:14-30, 38-44 тарауларынан алынған Киелі кітап әңгімелері