15. Уәделі жер
Міне, Исраил халқының Құдай уәде еткен Қанахан жеріне кіретін уақыты келді. Сол жерде Иерихон атты қала болды. Ол мықты қабырғалармен қоршалған болатын. Нұн ұлы Ешуа Иерихонға екі барлаушы жіберді. Сол қалада Рахаб есімді жезөкше әйел тұратын. Ол барлаушыларды үйіне жасырып, кейін оларға қаладан қашып кетуге көмектеседі. Ол исраилдіктердің құдіретті Құдайына сенгендіктен солай істеді. Тыңшылар әйелге исраилдіктер Иерихонды талқандаған кезде оның үй-ішін қорғаймыз деп уәде берді.
Уәделі жерге кіру үшін Исраил халқына Иордан өзенінен өту керек болды. Құдай Нұн ұлы Ешуаға: «Ең алдымен діни қызметшілер барсын», — деді. Діни қызметшілер Иорданға түскен сәтте өзеннің суы бөгеліп қалады, ал исраилдіктер жағаға құрғақ жермен өте шықты.
Халық Иордан өзенінен өткеннен кейін Құдай Нұн ұлы Ешуаға қуатты Иерихон қамалына шабуыл жасауға дайын болуды бұйырды. Құдай Нұн ұлы Ешуаға діни қызметшілер мен жасақшыларға Иерихон қамалын алты күн бойы күніне бір рет айналып жүруді тапсырады. Діни қызметшілер мен жасақшылар Құдайдың нұсқауларын орындады.
Құдай исраилдіктерге жетінші күні қаланы жеті рет айналып шығуды бұйырады. Содан кейін діни қызметшілер керней тартып, халық дауыстап айқайлауға тиіс болды. Сонда Иерихон қабырғасы құлап, олар қаланы жаулап алады. Исраилдіктер солай істеді.
Олар Құдайдың бұйрығын орындаған сәтте, Иерихонның қабырғасы құлады! Исраилдіктер Құдайдың бұйырғанындай қаладағының барлығын қырып жойды. Тек кейінірек Исраил халқына қосылған Рахаб пен оның үй-ішін тірі қалдырды. Исраилдіктердің Иерихон қаласын қиратқанын естіген Қанаханның басқа тұрғындары оларға да шабуыл жасайды деп қорқа бастады.
Құдай исраилдіктерге: «Қанахан жерінде тұратын ешқандай халықпен одақтаспаңдар», — деген еді. Бірақ Қанахан жерінде тұратын бір халық Нұн ұлы Ешуаны алдады. Олар гибеондықтар болатын. Олар Қанахан жерінен алыста тұрамыз деп, Нұн ұлы Ешуадан одақтас болуды өтінген еді. Осылайша Нұн ұлы Ешуа мен Исраил халқының басқа да басшылары Құдайдың еркін сұрамай гибеондықтармен одақтас болады.
Үш күннен кейін исраилдіктер гибеондықтардың шын мәнінде Қанахан жерінде тұратынын естіді. Олар гибеондықтарға алдап кеткендері үшін қатты ашуланды. Дегенмен исраилдіктер олармен жасасқан бейбітшілік келісімін бұзбады, өйткені олар Құдайдың алдында уәде берген болатын. Біраз уақыттан кейін Қанахан жерінде тұратын аморлық патшалар гибеондықтардың Исраил халқымен одақ құрғанын естіді. Аморлық патшалар әскерлерін біріктіріп, Гибеон қаласына шабуыл жасамақ болды. Сол уақытта Гибеон тұрғындары Нұн ұлы Ешуадан көмек сұрады.
Нұн ұлы Ешуа Исраил әскерін жинады. Олар түні бойы Гибеон қаласына жүріп отырды. Таңертең аморлықтарға күтпеген жерден шабуыл жасады.
Сол күні Құдай исраилдіктер үшін соғысты. Құдай аморлықтарды әбігерге түсіріп, аспаннан үлкен бұршақ жаудырғандықтан олардың көбі қаза тапты.
Сонымен қатар исраилдіктерде аморлықтарды толықтай жеңуге жеткілікті уақыт болу үшін Құдай аспанда күнді тоқтатып қойды. Сол күні Құдай Исраил халқына ұлы жеңіс сыйлады.
Құдай осы әскерлерді талқандағаннан кейін, Исраил халқына шабуыл жасау үшін, көптеген басқа да Қанахан халықтары бірікті. Бірақ Нұн ұлы Ешуа басқарған исраилдіктер оларға шабуыл жасап қырып жойды.
Осы шайқастан кейін Құдай Исраил халқының әрбір руына уәде еткен жерден өз үлестерін бөліп беріп, Исраил халқына айналасындағы барлық жауларынан тыныштық сыйлады.
Нұн ұлы Ешуа қартайғанда, бүкіл Исраил халқын шақырды. Ол исраилдіктерге Құдаймен Синай тауында бекіткен келісімді орындаймыз деген уәделерін естеріне салды. Халық Құдай алдында сенімді болып, Оның өсиеттерін орындауға уәде берді.
Ешуа 1-24-тарауларынан алынған Киелі кітап әңгімелері