2. Күнәнің пайда болуы
Адам ата мен оның әйелі Құдай жаратқан керемет бақта бақытты өмір сүрді. Олар жалаңаш еді, бірақ бұған еш ұялмады. Себебі әлемде әлі күнә болмаған еді. Олар әрдайым бақта Құдаймен серуендеп, әңгімелесіп жүретін.
Бірақ бақта жылан бар болатын. Ол өте қу еді. Жылан Хауа анадан: «Құдай сендерге бақтағы ешқандай ағаштың жемісін жемеңдер деп шынымен айтты ма?» — деп сұрады.
Хауа ана жауап беріп былай деді: «Құдай бізге бақтағы ағаштардың жемістерін жеуге болады. Бірақ жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жемеңдер, тіпті тимеңдер, әйтпесе өлесіңдер», - деп ескертті.
Жылан әйелге: «Жоқ, олай емес, өлмейсіңдер... Сонда сендер ненің жақсы, ненің жаман екенін ажырата алатын боласыңдар!» — деді.
Әйел жемістің жеуге жақсы әрі көз тартарлықтай әдемі екенін көрді. Ол ақылды етуге қызықтырып тұрғанын көріп оны жұлып жеді. Содан кейін күйеуіне берді, ол да жемісті жеді.
Кенет Адам мен оның әйелінің көздері ашылып, өздерінің жалаңаш екенін түсінді. Сөйтіп олар жапырақтан алжапқыштар жасап алды.
Самал жел соққан кезде Адам ата мен Хауа ана Құдайдың бақта жүрген дыбысын естіп, жасырынып қалды. Құдай адамды шақырып: «Сен қайдасың?» — деді. Ол: «Мен Сенің келе жатқаныңды естіп, қорқып кеттім, себебі мен жалаңаш едім, сондықтан тығылып қалдым» — деді.
«Жалаңаш екеніңді қайдан білдің? Мен тыйым салған ағаштың жемісінен жедің бе?» — деп сұрады Құдай. Адам былай деп жауап берді: «Өзің маған берген әйел сол ағаштың жемісін жеуге берді». Сонда Құдай әйелден: «Неге олай істедің?» — деп сұрады. Әйел: «Мені жылан азғырды» — деп жауап берді.
Сонда Құдай жыланға: «Сені қарғыс атты! Енді сен бауырыңмен жорғалап, топырақ жеп өтесің. Әйел екеуіңді және сендердің ұрпақтарыңды бір-біріне өштестіріп қоямын. Әйелдің ұрпағы сенің басыңды мыжиды, ал сен оның өкшесін шағатын боласың», - деді.
Содан кейін Құдай әйелге былай деді: «Сенің құрсақ көтеретін кезіңді ауырлатамын, балаларыңды қиналып босанатын боласың. Күйеуіңе құштар боласың, ал ол сені басқаратын болады».
Құдай Адамға былай деді: «Сен менің айтқанымды тыңдамай, әйеліңнің тілін алдың. Сенің кесіріңнен жердің топырағын қарғыс атты! Бұдан былай наныңды қара термен еңбек етіп табатын боласың. Сен өлгенде, топыраққа айналасың». Адам әйеліне «Хауа» деген ат қойды. Ол өмір беруші деген мағынаны білдіреді, өйткені ол бүкіл адамзаттың түп анасы болатын болды. Құдай Адам ата мен Хауа анаға аң терісінен киім жасап берді.
Содан кейін Құдай былай деді: «Енді адамдар жақсы мен жаманды ажыратып, біз сияқты болды. Енді оларға өмір ағашының жемісін жеп, мәңгі өмір сүруге жол бермеу керек». Сөйтіп Құдай Адам ата мен Хауа ананы бақтан қуып жіберді. Осылайша өмір ағашының жемісін ешкімге жегізбеу үшін, бақтың кіреберісіне күзетші періштелерін қойды.
Жаратылыстың басталуы 3 - тарауынан алынған Киелі кітап әңгімесі