32. Исаның жын соққан адам мен ауру әйелді сауықтыруы
Иса шәкірттерімен бірге Гераса халқы тұратын өңірге қайықпен жүзіп кетті. Олар жағалауға жетіп, қайықтан түсті.
Сол жерде жын соққан бір кісі тұратын.
Оның күшті болғаны соншалық, ешкім де оны бағындыра алмады. Адамдар талай рет оның аяқ-қолын шынжырмен байлап тастаса да, ол оларды үзіп тастайтын.
Осы адам қабірлердің арасында тұратын. Күні-түні айқайлап, киім кимей, өзін-өзі таспен ұрғылайтын.
Ол жүгіріп барып, Исаға бас ұрып тағзым етті. Әлгі адамның ішіндегі жын қатты дауыспен: «Құдайдың Ұлы Иса, менде нең бар? Өтінемін, қинай көрмеші мені!» — деп айқайлады.
Себебі Иса жынға: «Шық, бұл адамнан!» — деп бұйырған еді. Содан кейін Иса жыннан: «Атың кім?» — деп сұрады. Ол: «Менің атым үлкен топ, өйткені біз көппіз», — деп жауап берді.
Жындар Исадан сол жерден қуып шығармауын қадала өтінді. Жақын маңайдағы төбеде бір топ шошқа жайылып жүрген болатын. Жындар Исадан: «Бізді сол шошқаларға жіберші!» — деп өтінді. Иса оларға солай істеуге жол берді.
Сол жерде екі мыңға жуық шошқа болған еді. Жындар адамнан шығып, шошқалардың ішіне кірді. Олар тік жардан көлге құлап, суға батып кетті.
Мұны көрген бақташылар қалаға жүгіріп барып, Исаның істегендерінің бәрін халыққа айтып береді. Қала тұрғындары жындарынан арылған адамды көреді. Ол ақыл-есі кіріп, киініп, сап-сау болып отыр екен.
Адамдар зәрелері ұшып, Исаға: «Біздің жерімізден кете гөріңіз», — деп өтінді. Сондықтан Иса қайыққа отырды, ал жындарынан арылған кісі Исадан Онымен бірге баруға рұқсат сұрады.
Бірақ Иса оған: «Жоқ, үйіңе қайт, Құдайдың өзіңе не істегенін, қалай рақым еткенін бәріне айтып бер», — деді.
Әлгі адам барып, Исаның өзіне не істегенін барлығына жариялады. Осы оқиғаны естігендердің бәрі қайран қалды.
Сол уақытта Иса көлдің арғы бетіне өтеді. Сол жерде Оны бір топ адам күтіп тұрған еді. Адамдардың көп болғаны соншалық, халық Исаны жан-жақтан қаумалап, қыспақтап тұрды. Осы топтың арасында он екі жыл бойы қан кетіп ауырған бір әйел болды. Ол дәрігерлерге бар қаражатын жұмсаса да, ауруынан сауыға алмай, керісінше, жағдайы одан бетер наршарлай берді.
Исаның көптеген ауруларды емдегенін естігенде ол: «Оның киіміне қолымды тигізсем болды, сауығып кетер едім» — деп сенді. Сондықтан ол Исаның арт жағына келіп, Оның киімінің шетіне қолын тигізді. Сол сәтте-ақ қан кетуі тоқтады.
Сол мезетте Иса Өзінен күш шыққанын сезді. Ол бұрылып: «Маған қолын тигізген кім?» — деп сұрады. Сонда шәкірттері: «Айналаңызда қалың жұрт. Олар сізді қаумалап, қыспақтап тұр. «Кім маған қолын тигізді», — деп сұрағаныңыз қалай?» - деді.
Сонда әйел қорыққаннан қалтырап, Исаның аяғына жығылды. Сөйтіп Оған не болғанын, қалай сауыққанын айтып берді. Иса оған: «Сенімің арқылы сауықтың. Аман-есен қайта бер», – деп жауап берді.
Матай 8:28-34; 9:20-22, Марқа 5:1-20; 5:24б-34 және Лұқа 8:26-39; 8:42б-48 үзінділерінен алынған Киелі кітап әңгімесі