42. Исаның көкке оралуы
Құдай Исаны өлімнен тірілткен күні шәкірттердің екеуі көрші ауылға бара жатты. Жолшыбай олар Исамен не болғаны туралы және Исраил елін Құтқарушы Мәсіх — Иса деп үміттенгендері туралы сөйлесті. Алайда Оны өлтіріп тастады. Соған қоса қабірге барған әйелдер Оның тірі екенін айтып келді. Енді шәкірттері не нәрсеге сенетіндерін білмеді.
Осы шәкірттердің екеуі өзара сөйлесіп келе жатқанда, Исаның Өзі қастарына жақындап келіп, екеуіне қосылды. Олардан не туралы сөйлесіп жатқандарын сұрады. Олар Оны Иерусалимде болған жайтты білмейтін шетелдік деп ойлап, осы бірнеше күннің ішінде Исамен болған жағдайды айтып берді.
Сонда Иса Киелі жазбалардың бәрінде Мәсіх туралы айтылғандарды түсіндірді. Баяғы заманнан бері пайғамбарлар зұлым адамдардың Мәсіхті азаптап өлтіретіні туралы алдын ала айтқан болатын. Соған қоса пайғамбарлар Мәсіхтің үшінші күні қайта тірілетіні туралы да айтқан.
Шәкірттері түнеу үшін қалаға жеткенде, кеш батып қалған еді. Сондықтан Исадан олармен бірге қалуын өтінді, сонда Ол екеуімен бірге үйге кірді. Олар тамақ ішуге отырғанда, Иса нанды алып, Құдайға шүкірлік етіп, үзіп берді. Сол кезде шәкірттері Оның Иса екенін түсінді. Бірақ дәл сол сәтте Ол кенет ғайып болды.
Сонда шәкірттері бір-біріне: «Бұл Иса ғой! Ол бізге Құдай Сөзінің мәнін ашып бергенде, жүректеріміз жалындап кеткен жоқ па еді?!» — деді. Олар бірден Иерусалимге қайта оралды. Олар сонда жеткенде, басқа шәкірттерге: «Иса тірі! Біз Оны көрдік!» — деді.
Шәкірттер әлі де сол туралы сөйлесіп жатқанда, кенет бөлмеде Исаның Өзі пайда болып: «Сендерге амандық пен тыныштық болсын!» — деді. Шәкірттері Оны елес деп ойлап қалды, бірақ Иса оларға: «Неліктен қорқып тұрсыңдар? Бұл Мен екеніме неліктен сенбей тұрсыңдар? Менің қол-аяғыма қараңдар. Елестің денесі болмайды ғой» — деді. Өзінің елес емес екенін көрсету үшін Иса жейтін тамақ сұрады. Шәкірттері балықтан бір үзіп бергенде, Иса оны алып жеді.
Содан кейін Иса былай деді: «Мен сендерге: Киелі жазбаларда Мен туралы жазылғандардың барлығы орындалуға тиіс деп айтқан болатынмын, енді бұның бәрі орындалды». Кейін Иса Киелі жазбаларды түсіну үшін олардың саналарын оятты. Ол былай деді: «Ертеде пайғамбарлар былай деп жазған еді: «Мәсіх азап шегіп өліп, үшінші күні қайта тірілуге тиіс. Ал сол Мәсіх – Менмін»».
Пайғамбарлар былай деп те жазған болатын: «Егер адамдар теріс жолдарынан қайтатын болса, Құдай олардың күнәларын кешіреді. Сендер Менің айтқан сөздерімді естіп, жасаған істерімді және Менімен болған жайттарды өз көздеріңмен көрген куәгерімсіңдер».
Содан кейін қырық күн бойы Иса Өзінің шәкірттеріне көрініп жүрді. Бір күні Ол бір мезгілде бес жүзден аса адамға көрінді! Ол шәкірттеріне Құдай Патшалығы туралы тәлім беріп, көптеген дәлелдер арқылы Өзінің тірі екенін көрсетті.
Иса шәкірттеріне былай деді: «Құдай маған көк пен жердің билігін берді. Сондықтан барлық халықтарға барып, оларды Менің шәкірттерім етіңдер.Оларды Құдай Әкенің, (рухани) Ұлының және Киелі Рухтың атымен шомылдыру рәсімінен өткізіңдер. Оларды Менің айтқандарымның барлығын орындауға үйретіңдер. Естеріңде болсын: Мен әрқашан сендермен бірге боламын».
Қайта тірілгеніне қырық күннен кейін Иса шәкірттеріне былай деді: «Менің Әкем сендерге күш бергенше Иерусалимде болыңдар! Құдай мұны Өзінің Киелі Рухын жіберу арқылы іске асыратын болады». Иса осылай деді де, жоғары көтеріліп кетті, бір бұлт Оны көзден таса қылды. Енді Иса көкте, Құдайдың оң жағында, отырып бүкіл әлемге билік жүргізеді.
Матай 28:16-20, Марқа 16:12-20, Лұқа 24:13-53, Жохан 20:19-23 және Елшілердің істері 1:1-11үзінділерінен алынған Киелі кітап әңгімесі